Президенттің тапсырмаларын орындау аясында елімізде жаңа газ кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ерлан Ақкенженовтің дерегінше, Рожковское, Үріктау Шығыс және Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Сондай-ақ ірі газ өңдеу зауыттарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олар Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен кен орындарында салыну көзделді.
Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталған. Жоба 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Президент өз Жолдауында газ саласындағы басты міндеттердің бірі – қуаттылықты арттыру және газ тасымалдау бағыттарын әртараптандыру екенін атап өткен болатын. Үкімет үшін халықты және экономиканы тұрақты газбен қамту – негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
– Қазіргі кезеңдегі басты міндет – ресурстық базаны кеңейту және өңдеуді дамыту. Бұл бағытта "2029 жылға дейінгі газ саласын дамытудың кешенді жоспары" жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек биыл мамыр айында "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды, – деді министр.
Бұл еліміздің газ тасымалдау жүйесін айтарлықтай күшейтпек.