Жаңа "Әліппені" сынақтан өткізетін мектептер анықталды

651

Әліппені мектеп бағдарламасына 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланып отыр.

Жаңа "Әліппені" сынақтан өткізетін мектептер анықталды

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа "Әліппе" оқу-бағдарламасын жасау жұмыстары аяқталып, бекітілгенін мәлім етті. Вице-министрдің сөзінше, жаңа әліппені әзірлеу кезінде бағдарламаның ғылымилығына ерекше көңіл бөлінген.

"Ең бастысы, әдістеменің дұрыс болуы. Осы орайда "Әліппе" оқу-бағдарламасын әзірлеген жұмыс тобына кірген тіл білімі саласы мен әдебиеттанушы ғалымдардың жұмысын ерекше айту керек. Яғни әзірленген оқу-бағдарламасының ғылымилығы толық ескерілді. Сондай-ақ оқулық қолданысқа бейім болуы үшін бастауыш сыныптың практик мұғалімдері де жобаға шақырылды. Жұмыс тобы жиырмадан астам отырыс өткізді. Бізге келіп түскен ұсыныстардың барлығы зерделеуден өтті. Білікті әрі осы уақытқа дейін де бағдарлама мен оқулық жасап жүрген авторлардың қатысуымен жұмыс тобы бүгінгі күні жұмысын аяқтады", – деді Шолпан Каринова.

Білім және ғылым министрлігі қазіргі кезде "Әліппе" оқу-бағдарламасына қатысты оқулықтар әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен. 

"Алдымыздағы жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар сынақтан өтеді. Ол үшін БҒМ сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілетін мектептер тізбесін бекітті. Осы тізбеге енген мектептерде "Әліппе" оқу-бағдарламасы зерделенетін болады. Оқулықты әзірлеудің барлық деңгейінде сараптама жүргізіледі. Жалпы әліппені 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланып отыр", – деді вице-министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу