Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов
жаңа Конституция жобасы бойынша конституциялық комиссияға әртүрлі ұсыныстар келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Оларды зерделеу аясында жобаға қосымша нормалар енді. Бірінші. Конституция жобасының 8-бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Олар – мемлекеттік және жеке меншік. Көптеген ұсыныстарда бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтынына алаңдаушылық білдірілген. Кеше бұл туралы комиссия мүшесі Азат Перуашев мырза да егжей-тегжейлі айтты. Осы орайда аталған баптың 1-тармағы мынадай редакцияда ұсынылады: "Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады". Екіншіден, жобаның 14-бабы адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен міндеттерінің жалпы мәселелеріне арналған. Аталған баптың 2-тармағында "адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды" деп көрсетілген", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Көптеген азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынған.
"Ол үшін оған "Адам құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайды" деп қосуды сұрайды. Ол туралы біздің әріптестеріміз айтты. Бұл тармақтың келесідей редакциясы ұсынылады: "Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады", – деп атап өтті конституциялық комиссия мүшесі.