Жаңа Ата заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесіне оң баға беруге болады. Бұл туралы М.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Конституциялық комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұсыныстарымыз жаңа Конституция жобасында ескерусіз қалған жоқ. Ең алдымен, комиссияның алғашқы отырысында көтерілген терминдердің бірізділігі мәселесі ескерілгенін атап өткім келеді. Мысалы, қолданыстағы Конституцияда заңгерлер тарапынан жиі сынға алатын "құқылы", "хақылы", "құқығы бар", "құқығы жоқ", "хақысы бар" сияқты терминдер әртүрлі контекстте қолданылып келген болатын", – деді Талғат Нәрікбаев.
Оның сөзінше, жаңа мәтінде бұл терминдер мағынасына қарай жүйеленіп, біріздендірілген.
"Қазіргі таңда Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінін оқығанда тілдің жеңілдеп, мағыналық тұрғыдан азаматтарымызға анағұрлым түсінікті болғаны байқалады. Атап айтқанда, бұрынғы редакцияда жиі кездесетін "болып табылады", "жүзеге асырады" сияқты калькалық құрылымдар жаңа мәтінде жоқтың қасы. Қолданған тұстардың өзінде де олар орынды, әрі тілдік жағынан үйлесімді берілген. Сонымен қатар терминология мәселесінде қазақ тілінің ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілгенін атап өткім келеді. Мәселен, бұрын "қызметке тағайындайды" деп аударылып келген тіркес жаңа мәтінде "тағайындайды" деп ықшам әрі нақты қолданылған. Жалпы алғанда, мемлекеттік тілдегі мәтін бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесіне оң баға беруге болады", – деп атап өтті М.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ АҚ басқарма төрағасы.
Айта кету керек, бұған дейін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өткенін жазған едік.