Жаңа біртұтас мемлекеттік орган құру ұсынылды

149

"Бұл санитарлық, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты". 

Жаңа біртұтас мемлекеттік орган құру ұсынылды Фото: wkaw.edu.kz

Сенатор Арман Өтеғұлов Қазақстанның ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор келтірген деректерге сәйкес, соңғы жылда кейбір аймақтарда түйнеме сияқты қауіпті аурулар мен тамақтан жаппай уланудың өсуі байқалды. 

"Қалыптасқан жағдайға талдау жасағанда негізгі себептің бірі мемлекеттік орган құрылымының тиімсіз екендігін көрсетіп отыр. Функциялардың шашыраңқы болуы, мүдделер қақтығысы мәселені тиімді шешуге кедергі жасайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бір-біріне қарама-қарсы әртүрлі міндеттерді атқара отырып, ветеринария саласындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын қалай нәтижелі жүзеге асырмақ?", – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, бүгінде ветеринарлық, фитосанитариялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік сияқты өзара байланысы бар маңызды салалар әртүрлі мемлекеттік органдардың қолына берілген.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында санитарлық, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты біртұтас мемлекеттік орган құруды ұсынып отыр. 

"Біртұтас орган құру үйлестіру мен бақылауды күшейтуге, санитарлық бей-берекеттіктен арылуға барлық мүдделі тараптың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру және қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бет-бейнесін жақсарту керек. Халықаралық тәжірибе біртұтас санитарлық және азық-түлік қауіпсіздігі органын құру бұл мәселенің тиімді шешімі болатынын көрсетеді. Осыған байланысты ветеринария қызметі жүйесін реформалау мәселесін кешенді қарау үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамыз", – деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу