Жаңа көліктердің сатылымы бүкіл әлемде төмендеген

865

Қазақстанда керісінше сатылым бірден 28%-ға өскен.

Жаңа көліктердің сатылымы бүкіл әлемде төмендеген

2022 жылғы наурызда әлемде жаңа көліктерді сату өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Жаһандағы жартылай өткізгіш және логистикалық дағдарысқа қарамастан елімізде автонарық дамып жатыр.

OICA халықаралық автомобиль өндірушілер ұйымының мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда әлемде 82,7 млн жаңа автомобиль сатылған. Жаһандағы жартылай өткізгіштердің тапшылығына қарамастан, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары.

Жаңа автомобильдердің сатылымының өсуі таңқаларлық дүние емес. Себебі 2020 жыл сұраныстың төмендеуімен ерекшеленді, COVID-19 өршуіне байланысты кез-келген өнімді сатып алу мүмкін болмады.

Осыдан 2 жыл бұрын коронавирус пандемиясы басталғаны белгілі. Зауыттар мен фабрикалар карантинге жабылды. Салдарынан микрочиптердің жетіспеушілігі туындады. Кейін оған логистикалық проблемалар қосылды. 2019 жылғы "кородағдарысқа" дейін жағдаймен салыстырғанда 2021 жылы жаңа көліктерді сату 9,4%-ға төмендеді.

Еуропада былтыр жаңа автомобильдерді сату көлемі 2020 жылмен салыстырғанда тек 1%-ға өсті: Ресейде өсім – 6,8%, Италияда – 6,4%, Францияда – 2%, Испанияда – 0,3%, ал Германияда сатылым 9% төмендеді.

Азия, мұхит аралдары елдері, Таяу Шығыста сатылым 5,8%-ға артты.

2021 жылы жаңа автомобильдерді сату бойынша көшбасшы болған Қытайда өсім – 3,8%, алайда Жапония мен Оңтүстік Кореяда жаңа көліктерді сату 3,3% және 9%-ға азайған.

Сондай-ақ осыдан 2 жыл бұрын наурызда Жапонияда автомобиль чиптерін шығаратын әлемдегі екінші ірі зауытта өрт болды. Бұл зауыт нарықта жартылай өткізгішті 20%-ға қамтамасыз екен. Аталған жағдай да салаға жағымсыз әсер етті.

2019 жылғы "дағдарысқа дейінгі" кезеңмен салыстырғанда Қытайдан басқа барлық елде жаңа көліктерді сату көрсеткіші төмендегенін жеке атап өткен жөн.

Қазақстанда жартылай өткізгіштердің тапшылығы мен логистикалық проблемалар коронавирус пандемиясына байланысты туындағаны белгілі. Алайда бұл жаңа автомобильдерді сатуға кедергі болмады. Секторда 2020 жылмен салыстырғанда 27,4%-ға өсім байқалды. Сондай-ақ 2019 жылғы "дағдарысқа дейінгі" кезеңмен салыстырғанда өсім бірден 58,2% болды.

2022 жылғы наурызда Қазақстанда 10,8 мың жаңа автомобиль сатылды, бұл өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 28,3%-ға артық.

Әлемдегі жағдай Қазақстанға қарағанда мәз емес. Осыған дейін сарапшылар нарық қалпына келеді және биыл көктемде автомобиль индустриясы дағдарыстан шығады деп болжам жасады. Алайда Ресейдің Украинадағы әскери іс-қимылы микрочиптер өндіруде жаңа қиындықтар туғызды.

Украина микрочиптер өндірісінде қажет неон газына әлемдегі сұраныстың жартысына жуығын қамтамасыз етеді, бұл шикізаттың жетіспеушілігі жартылай өткізгіш шығаруды қалпына келуіне салдарын тигізуі мүмкін.

Жаһанда жаңа көліктердің сатылымы қазірдің өзінде төмендеген. 2021 жылғы наурызбен салыстырғанда биыл наурызда көрсеткіш 14%-ға төмендеп, 7,2 млн көлік сатылды. Жаңа автомобильдерді сату Қытайда – 6,3%, Ұлыбританияда – 14,3%, Германияда – 17,5%, Оңтүстік Кореяда – 18,1%, Жапонияда – 18,2%, ал Ресейде бірден 62,9%-ға төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу