"Жаңа комбайн – 200 млн теңге". Қызылордалық шаруалар жанайқайын жеткізді

904

Доллардың қымбаттауы, субсидияның азаюынан қызылордалық шаруалар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарта алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Жаңа комбайн – 200 млн теңге". Қызылордалық шаруалар жанайқайын жеткізді

Бүгін "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Қызылорда облысына ұлттық палатаны трансформациялау аясында жұмыс сапарымен барды. Аймақтағы кәсіпкерлер палата өкіліне шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, субсидия бөлу және басқа мәселелер туралы айтты.

Нариман Әбілшайықов палатаны реформалау тәсілдерін талқылау үшін трансформация жөніндегі жұмыс тобына кірген белсенділермен кездесіп, өңірлік кеңес отырысында аталған мәселелерді талқылады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Болат Нұрхожаев палата туралы заңды өзгертуге беріліп жатқан ұсыныстарды дұрыстап саралау керегін жеткізді.

"Біз трансформация жасаймыз деп жүріп 8 жылда Үкімет пен Президент санасатын орган болған ұйымның жұмысын бұзып алмауымыз керек", – деді Болат Нұрхожаев.

Сондай-ақ жиында аймақтағы кәсіпкерлердің проблемалары да талқыланды. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына қажет техникаларға берілетін мемлекеттік қолдауды қайта қарау керегін атап өтті.

Өңірлік кеңес мүшесі, "Ысамаддин" шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов геосаяси жағдайларға байланысты доллар курсының өзгеруі ауыл шаруашылығы техникаларының қымбаттауына алып келгенін айтты.

"Бұған дейін шетелдік күріш жинау комбайндарының құны 130-140 млн теңге шамасында болса, қазір 170-200 млн теңгеге жетті. Мемлекеттен техникаларға берілетін инвестициялық субсидияның ережесін қайта қарау керек. Себебі техника құнының 25%-на дейін субсидиялауды көздейтін қолданыстағы ережеде рұқсат етілген көлем ескі бағамен көрсетілген", – деді Жанарбек Нұрымбетов.

Шаруа қожалығы төрағасының айтуынша, фермерлердің бұдан бөлек утильалым және кеден салығы, несие жүктемелері секілді міндеттемелері көп. Оның үстіне техниканың қымбаттауы мен субсидияның азаюы салдарынан шаруалар машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр.

Айта кетейік, Ұлттық палата басқармасы аймақтағы кәсіпкерлермен кездесіп, трансформациялауға қатысты ұсыныстарын талқылап жатыр. Осыған дейін төралқа төрағасы Райымбек Баталов Ақтөбе облысы, Нұр-Сұлтан қаласы бизнесмендерімен кездескен еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу