Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады – Абзал Құспан

124

Бүгін елордада "Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар" атты сарапшылар алаңы өтті. 

Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады – Абзал Құспан

Іс-шараға Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және орнықты мемлекеттің институционалдық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылады.

Талқылау барысында білімге негізделген қоғамды дамыту, инновацияларды қолдау және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

"Жаңа Конституция институттары: орнықты мемлекеттің архитектурасы" атты бірінші панельдік сессияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сөз сөйлеп, Конституция жобасының азамат құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі жаңалықтарына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат қана емес, адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.

"Жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділетті мемлекет құру. Негізгі заңның преамбуласында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленген", – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар заң алдындағы теңдік қағидасы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды әділ қорғаудың тиімді тетіктері қарастырылған.

Депутат жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – жеке тұлғаны қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті. Осы мақсатта халықаралық тәжірибеде кеңінен танымал "Миранда қағидасына" ұқсас нормаларды енгізу ұсынылады.

"Бұл қағида бойынша адамды ұстау кезінде оған өзінің негізгі құқықтары түсіндірілуі тиіс. Атап айтқанда, азаматтың үндемеу құқығы, адвокаттың көмегін пайдалану құқығы және қажет болған жағдайда тегін заң көмегін алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі", – деді депутат.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында адвокатура институтының рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Адвокатураны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобада құқықтық суверенитет қағидасына да ерекше назар аударылған. Бұл қағида бойынша Конституция мемлекет аумағындағы ең жоғары заңдық күшке ие болады, ал халықаралық шарттар ұлттық негізгі заңнан жоғары тұрмауы тиіс.

Конституциялық реформаның тағы бір маңызды бағыты – Конституциялық Сот институтын күшейту. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Сот мемлекеттік органдармен қатар азаматтардың да өтініштерін қарай алады. Егер қандай да бір нормативтік құқықтық акт азаматтың конституциялық құқықтарын бұзса, азамат тікелей Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болады.

Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция құқықтық әрі әділетті мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

"Конституцияда белгіленген теңдік қағидасына сәйкес, ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың құқықтары бірдей қорғалуы тиіс. Сондықтан жаңа Конституцияның басты мақсаты – әрбір азаматтың өз әлеуетін іске асыруына, жеке табысқа жетуіне және әл-ауқатын арттыруына мүмкіндік беретін әділетті құқықтық жүйе қалыптастыру", – деп түйіндеді Абзал Құспан.

Сарапшылар алаңындағы талқылау конституциялық реформаның тек мемлекеттік институттарды жаңғыртуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құндылықтық негізді қалыптастыруға арналғанын көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу