Белгілі журналист, Конституциялық комиссия мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы жаңа Конституциядағы сөз еркіндігіне қатысты баптарға пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ол Ата заң жобасындағы сөз бостандығы мен ғылыми-техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне қатысты баптарға тоқталды.
– Еркін ойсыз ел көсегесі көгермейді, ашық пікір алмасусыз алға баспайды. Жаңа жобада сөз бостандығын шектеуге қатысты норма жоқ. Басты мақсат – жауапкершілік жүгін күшейту, арандатушылық әрекеттердің алдын алу. Сондай-ақ, жобада ақпаратты еркін алу мен тарату құқығының айқын бекітілуі – өркениетке ұмтылған жұртқа лайық батыл қадам, – деді журналист.
Оның айтуынша, ақпаратқа қол жеткізу құқығының нақты тетіктермен бекітілуі баспасөздің демін ашып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.
– Ең маңыздысы, еркіндік пен жауапкершіліктің бір арнаға тоғысуы. Адамның ар-намысы мен абыройын биік қою, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – еркіндікті желбуаздыққа айналдырмаудың, оны ел мүддесіне қызмет еткізудің парасатты қадамы. Мұндағы еркіндік – жүгенсіздік емес, мемлекеттік санаға негізделген жауапкершілік. Осы заңнамалық ұстаным пікір алуандығының тынысын ашып, салауатты сынның өрісін кеңейтеді. Ел бірлігіне сызат түсіретін жөнсіздікке тосқауыл қояды, – деп толықтырды Ерқанат Көпжасарұлы.
Сонымен бірге, комиссия мүшесі ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер журналистиканың басты миссиясын – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болуды, ақиқатты айна-қатесіз жеткізуді, сындарлы сұхбат мәдениетін қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтуда.