Онда Конституцияны насихаттау бойынша арнайы жоспар да әзірленетіні айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Олжас Бектенов 10 сәуірге дейін жаңа Ата заңды жаппай таралыммен басып шығаруды тапсырған еді. Жаңа Конституция ашық электронды платформаларға орналастырылып, білім беру саласына арналған әдістемелік ұсынымдар мен оқу құралдары дайындалады.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов референдумнан кейінгі алдағы қадамдарға тоқталды.
– Біз Президенттің тапсырған мақсаттарына қол жеткізіп, жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет Парламентпен бірлесіп, жедел түрде бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіруі тиіс.
Ең алдымен, 5 жаңа конституциялық заң қабылданып, қолданыстағы 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде кодекстерге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, – деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, Конституцияны насихаттау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту кезек күттірмейді.
– Бұл Конституцияны жаппай басып шығаруды, оны баршаға қолжетімді электронды платформаларда жариялауды, сондай-ақ білім беру саласына арналған әдістемелік ұсынымдар мен оқу құралдарын әзірлеуді қамтиды. Сонымен қатар, елдің жаңа Негізгі заңы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Олжас Бектенов.