Жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке жеке тарау арналды

246

Еліміз сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарына кіреді.  

Жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке жеке тарау арналды Фото: www.electronic-sirens.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа кодекс жобасында сейсмикалық аймақтардың қала құрылысын жоспарлау ерекшеліктері ескерілген.

"Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарында. Ел аумағының 45 пайыздан астамы жойқын жер сілкініс қаупі бар аймақтарға жатады. Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі", – деді ведомство басшысы.

Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді.

"Сонымен қатар, қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды. Бұл жерде сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызға ие. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылатын болады. Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу – стратегиялық маңызды қадам", – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі бұл халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, салаға заманауи ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыруға жағдай жасайды деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу