Қарағанды облысының 6 ірі қаласы мен 120 ауылдық елдімекені газбен қамтылады. Бұл туралы өңір әкімі Ерлан Қошанов президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған актив жиналысында айтты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Елбасы Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана арқылы магисталдық газ құбырын салу бойынша жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Оның басты мақсаты – Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған батыс кен орындары есебінен облыстағы елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және еліміздің бірыңғай газ тарату жүйесін кезең-кезеңмен дамыту болып табылады.
"Біз барынша максималды түрде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әсерді сезінетін боламыз. Газ құбыры трассасының Астанаға дейінгі ұзындығы 1100 шақырымнан асады, оның 80%-ы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді – ол 820 шақырым. Халықты қамту көрсеткіші шамамен 1 млн адамды құрайтын болады. Ойланып қарасақ, ол облыс тұрғындарының 70%-ы, – деді Ерлан Қошанов. – Жоба шеңберінде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран және Шахтинск секілді облысымыздың ірі қалалары, сондай-ақ Абай, Жаңаарқа, Бұқар Жырау, Осакаров, Шет, Ұлытау аудандарының 120 елдімекені газбен қамтылады".
Сонымен қатар отынның бағасы төмендеуі есебінен аймағымыздың өнеркәсібі жаңа екпінге ие болады, деп атап айтты облыс әкімі. Көгілдір отынға ауысу экологияны да жақсартуға мүмкіндік береді.
Ерлан Қошанов газ құбырын салуға арналған жер телімдерін бөлуді уақтылы жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар облыста елді мекендер мен әлеуметтік мәдени нысандарды да газбен қамту бойынша жобалар жасала бастайды.