Бүгінгі Үкімет отырысында жақында ғана Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалған Жұлдыз Сүлейменова ант берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, ант етемін, – делінген ант мәтінінде.
Еске салайық, бір апта бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған еді.