Ақмола облысында жаңа оқу жылының басталуына орай балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Ақмола облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Аманжолов мәлімдеді.
Жаңа оқу жылы басталғанда мектеп маңындағы жолдарда көлік қозғалысы да қыза түседі. Сондықтан дәл осы кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару маңызды. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жол учаскелерін тексеріп шықты. Жол белгілерінің, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол таңбаларының, жарықтандыру мен қоршаулардың жағдайы назарға алынды.
Бүгінде облыс бойынша мектептер маңына 900-ге жуық "Абайлаңыз, балалар!" белгісі, 700-ге жуық "Жаяу жүргіншілер өткелі" белгісі және 500-ге жуық жылдамдықты шектеу белгісі орнатылды. Сонымен қатар 200-ге жуық жасанды жол кедергісі жасалып, 300-ге жуық білім беру ұйымының маңындағы жол таңбалары жаңартылды.
Бұл жұмыстар тек жол инфрақұрылымын ретке келтірумен шектелмейді. Іргелес аумақтарды абаттандыруға да көңіл бөлінуде. 200-ге жуық нысанда жарықтандыру орнатылып, шамамен 80 нысанда тротуарлар жаңартылды. Ал 120-дан астам нысанда автотұрақтар жабдықталды.
Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Осы тұрғыда жүргізіліп жатқан жұмыстар облыстағы "Заң мен тәртіп" қағидатын күнделікті өмірде қамтамасыз етуге бағытталған. Жол қозғалысы ережесін сақтау, белгіленген талаптарға бағыну және бір-біріне жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз қоғамның негізгі шарттарының бірі.
Полиция жүргізушілерді, әсіресе мектептер орналасқан аумақтарда, жылдамдықты төмендетуге және сабақ басталып, аяқталатын уақытта барынша мұқият болуға шақырады. Өйткені жолдағы бір сәттік сақтық баланың өмірі мен денсаулығын сақтауы мүмкін.