Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде: 75 371 грант – бакалавриатқа; 11 007 грант – магистратураға; 3 079 грант – докторантураға. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлестірілді", – деп атап өтті Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, болжам бойынша Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның ішінде: шамамен 530 мыңы – инженерлік кадрлар; 185 мыңнан астамы – педагогикалық кадрлар; 168 мыңға жуығы – өзге салалардың мамандары.
Гранттарды бөлуде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілгені белгілі болды.
"Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, ИТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. 21% педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінді", – деді министр.