1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"1-сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген. Балаларды қазақша оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында байқалып отыр", делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекорд көрсеткішке жетіп отыр - 188 900 оқушы. Жалпы 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық оқушы білім алады.
Сонымен қатар биылғы оқу жылын 55 мың бала жаңа мектепте бастайды. 2023 жылдың соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Елімізде барлығы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.