"Балаларды ерте дамыту мәселесі біз үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін бұл бағытқа тиісінше көңіл бөлінбеді. Көбінесе сандық көрсеткіштерге назар аударылып, сапа мен мазмұн назардан тыс қала берді. Бүгінгі таңда 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,1%-ға жетіп отыр. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 83,6%-ды құрайды. Бұдан былай біз сандық көрсеткішке емес, сапа мен мазмұн мәселесіне басымдық береміз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі. Бұған қатысты үкімет қаулысы қабылданды", –деді Асхат Аймағамбетов онлайн форматта өткен республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, "Ойын арқылы оқыту" қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт әзірленіп, үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралып жатыр. Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады.
"Балаларды ерте дамыту институты құрылып, тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесіне енгізіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұдан кейін министр балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру курстарының мақмұны қайта қарастырылатынын мәлімдеді.
"Цифрлық форматта қтетін курстар ұйымдастырылады. Тәрбиешілер үшін арнайы цифрлық әдістеме енгізу ісі қолға алынады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Қанат Махамбет