Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университтердегі ақылы білім алу құнына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
inbusiness.kz тілшісі спикерден "Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы қазірдің өзінде төмен емес. Ұлттық университеттерде баға шарықтап тұр. Жаңа оқу жылында ақылы оқу құны тағы қымбаттауы мүмкін бе?" деп сұрады.
"Бұл әлеуметтік тұрғыдан сезімтал сұрақ деуге келеді. Сондықтан біз оны реттеп отырмыз. Негізгі мәселе – оқу сапасын көтеру. Біз келесі жылдан бастап берілген мемлекеттік гранттардың сомасын ұлғайтымыз. Қазіргі таңда ұлттық университеттерде биыл жылына 1 млн 200 мың теңге болса, жалпы мемлекеттік, өңірлік университеттерде 900 мың теңгенің маңайында. Бұл – мемлекеттік гранттың құны. Бұл ақша жеткіліксіз. Былай есептеп көрсек, 2 мың доллардың шамасында, яғни, бір баланы бір жыл жоғары білім жүйесінде оқыту үшін біз 2 мың долларда жұмсаймыз. Білім сапасы сол – 2 мың доллардың сапасы. Сондықтан қазір ақырындап гранттардың құнын ұлғайтамыз, бірақ ақылы түскен балаларға қолдау ретінде оны реттеп отырмыз", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Саясат Нұрбектің сөзінше, биыл 4 қосымша құрал енгізіледі.
"Біріншіден, ақпан айынан "Ұлттық қор – балаларға" деген құрал басталды. Әр балаға осы жылдан бастап арнайы шоттар ашылды, ұлттық қордан түскен пайда сол шоттарға жинақталады. Екіншісі – "Келешек" жинақтаушы жүйе. Оны осы жылдың соңында бастаймыз. Үшіншісі – жеңілдетілген несиелер, оны да осы жылдың соңына дейін жоба ретінде бастаймыз. Төртіншісі – сараланған грант жүйесі. Енді жоғары балл алған, бірақ өзінің таңдаған мамандығына түсе алмағандарға 50-75 пайызға дейін сараланған гранттар беретін боламыз. Ақылы оқу құнын реттеп, ұстап тұрамыз. Тек қана университеттерге инфляцияның индексациясына рұқсат береміз", - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі.