ӨСЖ халыққа қажетті нысандар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін қамтиды. Бұл туралы Мәжілісте Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, биыл қаңтарда Өңірлік стандарттар жүйесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген көрінеді. Оған сәйкес ӨСЖ көрсеткіштерін есептеуді бағалаудың жаңа әдістемесінің жобасы әзірленді.
"Өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа редакциясы аясында нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейді. Сондай-ақ елдімекендердің қосымша сыныптамасы жүргізілді. Бұдан басқа ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылды. Яғни енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескеріледі. Мәселен, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланды", - деді ведомство басшысы.
Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100% деп есептелген. Қазіргі уақытта Зеренді ауылында 3 мектептің екеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ тағы бір мектептің құрылысы қажет, деп атап өтті министр.
"Сапалық көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81%-ға дейін төмендеді. Жаңа ӨСЖ тыныс-тіршіліктің әлеуметтік, инженерлік-көліктік, экологиялық және тұрмыстық салаларында 12 бағыт бойынша құрылымдалған", - деді ол.