Жаңа салынған үйлердің жеделсатысын кім ауыстыруы керек?

852

Үй салушы мекеме техникалық құжаттардың бір үлгісін мүлік иелерінің бірлестігіне тапсыруға міндеттелді.

Жаңа салынған үйлердің жеделсатысын кім ауыстыруы керек?

Елдегі көппәтерлі тұрғын үйлердің  жеделсатысына қатысты мәселе көп. Осы жағдай жаңадан енді салынатын үйлерде қайталанбас үшін 2020 жылы заңнамаға тиесілі өзгертулер енген. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамының Өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов сол өзгерту туралы түсініктеме берді.

"Қазақстан құрылыс нормалары мен ережелері бар. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қызмет ету ұзақтығы осы нормалармен реттеледі. Әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің құрылымдық ерекшеліктеріне қарай, қабырғасының материалына байланысты оның "ғұмыры" анықталады. Мысалы, тастан соғылған үйлердің "ғұмыры" 100 жыл, ағаш үйлердікі әлдеқайда аз деген сияқты. Осы сияқты үйдегі техникалық қондырғылардың да қызмет ету мерзімі бар. Жеделсатылардың өз мерзімі, жылу қазандықтарының өз мерзімі болады. 2020 жылы қабылданған жаңа заң бойынша, жобалаушы жаңадан салынатын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындаған кезде ортақ мүліктердің тізбесін енгізуі керек. Бұған дейін мұндай тізбе атымен жоқ болатын. Ал құрылыс компаниясы сол нысанды қолданысқа берген кезде мүлік иелерінің бірлестігіне 30 күн ішінде сметадан басқа барлық техникалық құжаттарды беруге міндетті. Аталған үйдің қондырғыларына берілген барлық нұсқаулықтар мен паспорттар жаңадан құрылған заңды тұлғаға табысталады. Осы құжаттарда көппәтерлі үйдің ортақ мүлігіне жататын қондырғылардың бәрінің қызмет көрсету мерзімі көрсетіледі. Сол құжаттағы мәліметтерге қарап, мүлік иелерінің бірлестігі мерзімі біткелі қалған қондырғыны ауыстыру туралы шешім қабылдап отырады. Жөндеу немесе бөлшек ауыстыру жұмыстары да осы құжаттармен реттеледі", - деді акционерлік қоғам өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу