Жаңа "Семей" күзет кемесі суға жіберілді

167

Орал қаласында еліміздің қорғаныс саласы үшін маңызды оқиға – "Семей" күзет кемесін іске қосу рәсімі өтті.   

Жаңа "Семей" күзет кемесі суға жіберілді Фото: БҚО әкімдігі

Су көлігі Жайық өзенінің бойымен Каспий теңізіне жөнелтіліп, онда мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау қызметін атқарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кеме заңсыз тасымалдау, контрабанда, заңсыз балық аулау, шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттері және басқа да қылмыстардың қаупін тез арада жолын кесуге арналған.

Жаңа кеменің іске қосылуы – білімі мен шеберлігі елдің қорғаныс әлеуетінің негізі саналатын инженерлердің, дизайнерлердің, кеме жасаушылардың және жұмысшылардың жұмысының айқын нәтижесі. Бұл жоба қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлес қана емес, сонымен қатар мемлекеттің дамуындағы жұмысшы мамандық иелерінің рөлін мойындаудың айқын үлгісіне айналмақ.

"Семей" кемесі – отандық мамандардың көп жылғы еңбегінің тағы бір жемісі. 1941 жылы негізі қаланған Оралдағы "Зенит" зауыты еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі негізгі кәсіпорындардың бірі екені белгілі.

1993 жылдан бастап "Қазақстан инжиниринг "Ұлттық компаниясы" АҚ құрамына кіретін "Зенит "Орал зауыты" АҚ базасында салынған бұл – 36-шы кеме. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын тұрақты орындап, жоғары технологиялық қайықтар мен "Сұңқар", "Бүркіт", "Барыс" және т.б арнайы мақсаттағы кемелерді шығарды.

"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кемені жобалауға, құрастыруға және жабдықтауға атсалысқан барлық қызметкерлерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, адал еңбектеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіздің арқасында бүгін біз еліміздің игілігіне қызмет ететін тағы бір кемені суға жіберіп отырмыз", - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу