Жаңа технологияны енгізген кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады

927

Қазақстанда салынатын жаңа кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті болады.

Жаңа технологияны енгізген кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа экологиялық кодекс жобасы жайлы баяндады.

"Төтенше жағдай режимі кезінде де экология мәселелері маңыздылығын жоғалтпайды. Қазір ірі өндірістік қауымдастықтар коронавирус пандемиясы салдарына байланысты жаңа экологиялық кодексті қарастыру мен қабылдау уақытын кейінге шегеру туралы айтуда. Алайда бұл экологиялық кодекстің мақсаты мен жүзеге асыру мерзімі қазіргі жағдайды ушықтырмайды. Қазіргі экологиялық жағдай мәз емес. Соңғы бір айда болған апаттарды айтайын: Теңізде пештің тоқтауы себебінен күкірт газы ауаға тарады, ArcelorMittal Теміртау кәсіпорынындағы ЖЭЦ шатырдың жануынан қоршаған ортаға залал келді. Бұндай жағдайлар өте көп кездеседі. Экология саласында қатаң шаралар қабылдауды қазірден бастауымыз керек", – деп тоқталды вице-министр.

Ахметжан Пірімқұлов баяндамасында өндірісті экологиялық талаптарға сай ету мәселесін айтып өтті.

"Экологиялық кодекс аясында үздік қолжетімді технологиялар (ҮҚТ) қолданылады. Бұл кодексті қабылдаған кезде өндірістік кәсіпорындар шығын шығаруына тура келетінін білдік. Алайда бүгінгі күні бұл Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды сынды қалалар экологиясын жақсартудың жалғыз жолы. Аталмыш механизмді бірінші кезекте елдегі 50 ірі кәсіпорын 2025 жылдан бастап қолданыла бастайды. Сонымен қатар, жаңа технологияны енгізген кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады. Осылайша, өкілетті орган үздік қолжетімді технологияларды енгізудің қисынды мерзімін ұсынып отыр. Жобаның қандай да бір тәуекелге әкелетіні туралы айту ерте. Жаңа экологиялық кодексте кәсіпорындар ҮҚТ енгізбегені үшін жабылады деген норма жоқ. Тек эмиссия үшін төлем мөлшерлемесін кезең-кезеңмен көтеру қарастырылған. Қазақстанда салынатын жаңа кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті болады", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Фото: pixabay.com
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу