Астрахан аудандық прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы заң талаптарының орындалуын зерделеу барысында жаңа туған нәрестелердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілуіне қатысты заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талдау барысында аудандық аурухана кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қарастырылған "Ана мен бала" жинақтарын 23 сәбиге уақытылы бермегені анықталды.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін аурухана заң бұзушылықтарды жою үшін тиісті шаралар қабылдап, мемлекеттік сатып алу арқылы 120 дана "Ана мен бала" жинағын сатып алды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 жаңа туған сәбидің құқығы қалпына келтірілді. Сонымен қатар биыл дүниеге келетін балаларды аталған жинақтармен қамтамасыз етуге жеткілікті қор қалыптастырылды.
Азаматтардың әлеуметтік маңызы бар салалардағы құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар аудан прокуратурасының тұрақты бақылауында.