Жаңа үйде жылу мен жарық жоқ

1155

Тараз қаласындағы 15 шағын ауданда 80 пəтерлі бір тұрғын үйдің тұрғындары жаңадан алған пәтерлерін әлі күнге паналай алмай жүр.

Жаңа үйде жылу мен жарық жоқ

Былтыр жыл соңында пайдалануға берілген №1025 нөмірлі көпқабатты тұрғын үйге жарық пен жылу берілмеген. Осылайша, мердігер "Бірлік сервис компания" ЖШС-нің жіберген кемшіліктерінің зарбадын тұрғындар тартуда. Пәтер иелері үйдің есік-терезелері де дұрыс орнатылмағанын айтады.

Негізі мердігер компания құрылыс жұмыстарын былтыр шілде айында аяқтаған екен. Олқылықтары болған соң, желтоқсан айында дейін пайдалануға бермей келген.

Жалғыз ілікті ана Зульфия Күлімбаева жылудың жоқтығынан пәтеріне кіре алмай отырғанын жеткізді.

"Мүмкіндігі шектеулі балам бар. Он жылдан бері пəтер жалдап тұрып келемін. Енді өз баспанама қолым жетті-ау дегенде, осындай жағдайға тап келдік. Суы жоқ, жарығы да қосылмаған", – деп мұң шақты.

Бес балалы Индира Айтбаева да суық үйде тұра алмай, қазір қайтадан тоқсан мың теңгеге қайта пəтер жалдап тұрып жатқанын айтты.

"Құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілген. Есік-терезелеріне қарасаң, қарның ашады. Жылу, су берсе, соған қарамай-ақ көшіп келер едім, – дейді ол.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, 5 қабатты тұрғын үйдегі пəтерлердің жалпы алаңы 4625,30 шаршы метрді құрайды. 15 пәтер – бір бөлмелі болса, 45 екі бөлмелі, 20 үш бөлмелі пәтер бар. Құрылыс жұмысын 8 айда аяқтаған мердігер компания жұмысының сиырқұйымшақтанып тұрған жайы осы.

Қазір "Бірлік сервис компани" ЖШС-не тұрғын үйдегі кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру бойынша ескерту хат жолданған. Соған сәйкес олқылықтар жойылмаса, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының 12-бабы 4-тармағы, 3) тармақшасының негізінде мекеме  Мемлекеттік сатып алу конкурстарына жосықсыз қатысушы деп танылып, іс сотқа арыз беріледі.

Қысқасы, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою туралы тапсырма беріліп, ол кемшіліктер 28 ақпанға дейін ретке келтіріледі дейді.

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 15 шағын ауданның №1025 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарына жөндеу жұмыстары белгілі мерзімде аяқталуын өзі жеке бақылауына алатындығын айтқан. Алайда тұрғындар ала жаздай түзелмеген кемшіліктің енді қыстың көзі қырауда жөнделе қалатынына күмәнданып отыр.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу