Жаңа Зеландияда парламенттік сайлау өтеді

1352

Жаңа Зеландияда  парламенттік сайлау өтеді

Жаңа Зеландияда 23-қыркүйекте парламенттік сайлау өтеді. Бұған дейін сарапшылар "саяси додада Ұлттық партия жетекшісі, қазіргі премьер-министр Билл Инглиштің шоқтығы биік деп жеңісті мерзімінен бұрын соған беріп келген еді. Бірақ сайлау науқанына оппозициялық Жұмысшы партиясының серкесі Хасинда Ардерн түскеннен бері қоғамдағы пікір қыза түсті. 37 жастағы саясаткер әйел 4 миллион 700 мың адам ғана тұратын елдің көптеген азаматтары мемлекет қамқорлығынан тыс қалғанын алға тартады. Сонымен қатар, Ардерн бай менен кедейдің арасындағы теңсіздікті жоюға құлшынып отыр.

Хасинда Ардерн 1 тамызда Жұмысшылар партиясының басшысы болып сайланған бетте, саяси ұйымды жақтайтындар қатары бірден 44 пайызға көбейді. Осының өзі-ақ саясаткер әйелдің қазіргі үкімет басшысына лайықты қарсылас бола алатынын көрсетті. Тіпті Ардернге қолдау білдіретіндердің көбейгені сонша, Жаңа Зеландия қоғамында "хасиндамания" деген жаңа саяси термин пайда болды. Соңғы жылдары Жаңа Зеландияға келімсектердің ағылуы экономикалық басқыншылық қорқынышын тудыруда. Көші-қондағы күрделі жағдай инфрақұрылым мен баспана мәселесін тығырыққа тірей бастаған. Сүт өндірісінің даму деңгейі бақылаудан шығып, оның зиянды салдары қоршаған ортаны ластай бастады. Бұл өз кезегінде экология түйткілін күнтәртібіне шығарды. Жұмысшылар партиясы салық көлемін қысқартуды, тұрғын үйлерді көптеп салуды, отбасылық жәрдемақыларды өсіруді және туристерге елге кіру үшін салық салуды ұсынды. Сондай-ақ олар мигранттар нөпірін ауыздықтап, келімсектерге үй сатуға тыйым салуға уәде беріп отыр. Ал билік басындағы Ұлттық партия мұндай шектеудің экономикалық өсімді тежейтінін дәлелдеп бағуда. Бұдан басқа, Билл Инглиш жеңілдетілген салық жүйесін енгізіп, тас жолдар мен темір жолдарды салуға, жалпы инфрақұрылымға алдағы 10 жылда 23 миллиард АҚШ долларын бөлетінін айтады.

Жұмысшылар мен Ұлттық партиялар арасындағы саяси текетірес қор нарығына теріс әсер етуде. Инвесторлардың да көңілі күпті. Сайлау учаскелері 23-қыркүйекте кешкі сағат 7-де жабылып, нәтиже 4 жарым сағаттан кейін жарияланады. Сарапышылар бұл жолы Жаңа Зеландияда коалициялық күштерден тұратын үкімет құрылуы мүмкін деп топшылап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу