Жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда, оны жаңарту үшін қайта емтихан тапсыру жүйесі жойылады. Бұл туралы бүгін мәжілісте "Жол қозғалысы туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Қанат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Оның айтуынша, бастапқыда мәжіліс депутаттары бұл заңға енгізілуі тиіс 120-дан астам түзетуді қарастырған. Нәтижесінде оның 55-і қалып отыр.
"Өйткені түзетудің біразын депутаттар кері қайтарып алды. Жұмыс тобының талқылауы барысында да түзетудің бірқатары қабылданған жоқ", – дейді Қанат Мусин.
Депутаттың айтуынша, заңда жол жүру ережесін бұзғандарға әкімшілік айыппұлды азайту, құжатты тексеру барысында көлік жүргізушіге фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат беру, күндізгі уақытта елдімекендерде жүргенде көліктің жақын жарығын қосу міндетін алып тастау, ішкі істер органдарының қызметкерлері тоқтатқанда оның рұқсатынсыз жолаушының көліктен шығуына тыйымды алып тастау, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенде қайта емтихан тапсыру талабын алып тастау көзделген.