Жаңа жыл қарсаңында ҚБТУ студенттерін қуантты

Оқу ордасы студенттік жатақхана мен спорт кешенін пайдалануға берді. 

Жаңа жыл қарсаңында ҚБТУ студенттерін қуантты Фото: «NNEF» қоғамдық қоры

КБТУ студенттерге арналған жаңа жатақхана және спорт кешенін ашты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты жиынға Алматы қаласы әкімдігі жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев, "NNEF" қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева, Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаев, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы және Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, ҚБТУ оқытушылары мен қызметкерлері, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.

2023 жылы Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттерге арналған екі жаңа ғимарат салды. Оқу ордасының ректоры Маратбек Габдуллиннің айтуынша, жаңа жатақхананың сыйымдылығы 980 төсек-орынды құрайды. Ал спорт кешенінің жалпы ауданы 14.000 шаршы метрден асады.

"10 айдың ішінде біз үлкен жұмыс атқардық. Алматы қаласындағы студенттерге арналған тұрғын үй қажеттілігін толығымен жабатын алғашқы университетпіз", – деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры.

2023 жылы ҚБТУ екі жатақхана ғимараты мен спорт кешенін салды.

Мұнда студенттер бос уақытын тиімді өткізе алады, үстел теннисі, бокс, күрес, футзал, волейбол, баскетбол, гандбол және басқа да спорт түрлерімен айналысып, шеберліктерін шыңдайды. Сонымен қатар, хореография сабақтарын өткізуге арналған зал мен спорт залы да қарастырылған.

"Біздің жан-жақты дамуымыз үшін жағдай жасауға ұмтылған университетімізге алғыс білдіреміз. Жаңа жатақхана академиялық отбасымыз үшін прогрестің символына айналып, студенттеріміздің "ыстық ұясындай" болады деп есептейміз", – деді ҚБТУ студенттік басқармасының президенті Диана Серікбаева.

Бүгінде жастарды қолжетімді әрі сапалы білім берумен қамтамасыз ету, оның ішінде студенттерге жаңа жатақханалар салу – елімізді дамытудағы маңызды бағыттардың бірі екені сөзсіз. Басты мақсат – студенттерді заманауи үлгіде салынған, жайлы әрі қауіпсіздік жағы қарастырылған жатақханалармен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, елде, әсіресе Алматы қаласында студенттер тұратын жатақханалар тапшылығы мәселесі өзекті. Қазіргі уақытта, мегаполисте жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру мақсатында Жобалық кеңсе іске қосылған. Жобаны қолдауға 114 әлеуетті инвестор өтініш білдірген. Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада 2025 жылдың соңына дейін 12 мың, 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың жатақханалық орын ашылатынын, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешетінін айтып отыр.

Қазақстан-Британ техникалық университеті осы бағытта Алматы қаласы әкімдігімен және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып тұрақты негізде жұмыс істеуде.

Жатақханаға қатысты мәселенің өзектілігін ескере отырып, ҚБТУ-да басқа қаладан келіп оқитын барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және тұрғын үй қорын кеңейту мақсатында студенттердің жайлы өмір сүруін, спортпен айналысуы мен бос уақытын өткізуге қолайлы жағдай жасап, заманауи талаптарға сай жаңа ғимараттар салу туралы университет басшылығы шешім қабылдаған.

Жаңа жатақхана ескі ғимараттың орнына салынған. Құрылыс 2023 жылдың ақпанында басталып, желтоқсан айында аяқталды. ҚБТУ жатақханасының жаңа ғимараты жалпы ауданы 14320 шаршы метр 980 төсек-орынға арналған екі тұрғын үй ғимаратынан және сыйымдылығы 198 орындық трибуналары бар ойын залынан тұратын ауданы 2111,1 шаршы метр спорт кешенінен тұрады.

Жатақхана корпустарында демалыс бөлмелері, асбөлмелер, оқу бөлмелері, 120 орындық акт залы, 70 орындық асхана, кір жуатын орындар, төсек-орындарды қабылдайтын және тапсыратын бөлмелері қарастырылған.

Әр жатақхана корпусында екі лифт, бейнебақылау камералары мен Wi-Fi орнатылған, әр бөлменің жуынатын бөлмесі мен жеке дәретханасы бар. Айта кетейік, жатақханада мүмкіндігі шектеулі студенттерге де ыңғайлы жабдықталған бөлмелер бар.

Ғимараттар заманауи талаптарға сай салынған. Нысан жоспарланған мерзімінде тапсырылды. Аталмыш ғимараттардың құрылысы ҚБТУ-дың жеке қаражаты есебінен жүргізілген. Ал мердігер болып ашық тендер арқылы BI-Group құрылыс компаниясы таңдалған. Ғимараттардың құрылысы барысында барлық құрылыс нормалары қатаң сақталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу