Жаңа жыл қарсаңында шырша саудасы қыза түсті

Ағаштың бұл түрін кесіп алғандарға жаза қатаң болмақ.

Жаңа жыл қарсаңында шырша саудасы қыза түсті Фото: Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Жыл сайын желтоқсан айында елімізде қарағай мен шыршаларды заңсыз кесудің алдын алу мақсатында "Шырша" акциясы басталады. Бұл жолы да мамандар орман алқаптарынан ағаштың кесілмеуін қатаң қадағалауға көшті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысында шырша саудасымен айналысуға 7 бизнес нысаны арнайы рұқсат алды. Олардың алтауы ағашты Ресей Федерациясынан жеткізеді. Бүгінде көрші елден 6400 шырша әкелді. Тағы бір кәсіпкер өзінің жеке тәлімбағында қарағайлар өсіріп, саудаға шығарып отыр.

"Облыс орталығында табиғи шырша, қарағайды 25 сауда нүктесінен ғана алуға болады. Сонымен қатар, Екібастұз, Ақсу қалалары, Ертіс, Тереңкөл және Железин аудандарында шырша саудасына рұқсат берілген. Мұнда тек ресейлік ағаштар мен Павлодардың тәлімбағында өскен қарағайлар сатылуы тиіс. Ал мемлекеттік орман қорын қорғау үшін 44 мобильді топ пен 10 бақылау бекеті құрылған. Бүгінгі таңда ағашты заңсыз кесу фактісі анықталған жоқ", – дейді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Сонымен қатар, апта сайын аталған сауда орындарында мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Былтыр жаңа жыл мерекесі үшін заңсыз ағаш кесудің екі фактісі тіркелген болатын. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл әзірше мұндай жағдайлар жоқ. Орын алған жағдайда заңсыз ағаш кескен азаматқа 50-1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, әрі шырша үшін 15 АЕК көлемінде шығынды орнына толтыру талабы қойылады. Егер, шығын көлемі 100 АЕК-тен асса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айтпақшы, Павлодар облысындағы табиғи шыршалардың бағасы әр түрлі. Биіктігіне қарай 5 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін жетеді. Сатушылардың айтуынша, жасанды шыршаның түрі-түрі дүкен сөрелерінде самсап тұрғанымен, тұрғындар тарапынан табиғи түріне сұраныс жоғары. Тұрақты сатып алушылар да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу