Жаңа жыл түні Ақтөбе облысында 57 нәресте дүниеге келді. Олардың отыз төрті – ұл, жиырма үші – қыз бала, деп хабарлайды 24.kz.
40 нәресте аудан орталықтарындағы перзентханаларда, ал 17 бала қаладағы әйелдер босанатын бөлімшелерде дүние есігін ашты. Дәрігерлердің айтуынша, бәрінің денсаулығы жақсы.
Жаңа жылдың алғашқы түнінде өмірге сәбилі болған аналарды қала басшылығы арнайы құттықтады. Оларға мерекелік сыйлықтар табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Ал облыстық көпсалалы аурухананың әйелдер босанатын бөлімшесінде бір түнде 4 ана босанған.
Жалпы 2017 жылы аймақта 19 мыңға жуық нәресте туған. Олардың арасында 163 егіз және 5 үшем бар. Соңғы жылдары өңірде баланың шетінеуі 6,5 пайызға азайып, туу көрсеткіші артқан.