Жаңа жылдан бастап қоғамдық көліктерде жолақы қымбаттайды

Жолаушыларға қазіргіден айтарлықтай артық төлеуге тура келеді.

Жаңа жылдан бастап қоғамдық көліктерде жолақы қымбаттайды Фото: Константин Шелков

Павлодар қаласында соңғы алты жыл бойы өзгермеген жолақы тарифі өсетін болды. Бұған дейін жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың бұл ұсынысын қалалық мәслихат депутаттары мақұлдағанын жазған едік. Енді оны жергілікті билік те қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Қазіргі таңда облыс орталығындағы автобус, шағын автобус және трамваймен қатынайтын тұрғындар банк, көлік картасымен есеп айырысса, олардан 80 теңге ұсталады. Қолма-қол ақшамен билет алар болса, 130 теңге төлейді.

Ал жаңа жылдың алғашқы күнінен-ақ бұл бағалар өсетін болды. Бұдан былай көлік картасы, банктік аударыммен төлеу кезінде жол жүру ақысы 100 теңгені, қолма-қол төлеу кезінде 200 теңгені құрайды. Негізі жолаушыларды тасымалдаушылар бұдан да артық бағаны сұраған-ды. Олардың есептеуінше, жол ақысының бағасы кемінде 192 теңге болуы керек. Кейбір бағыттарда қатынайтын автобустарда жол жүру ақысының өзіндік құны 700 теңгеге дейін жететінін алға тартты.

Талқылай келе, 100 және 200 теңгелік тарифке тоқталды. Павлодар қаласының әкімдігі бағаның өсуі автокәсіпорындардың сапалы жұмыс істеуіне оң әсер беретінін алға тартады. Қоғамдық көлікті дамытуға, жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға және жылжымалы құрамды жаңартуға қаражат бөлінетін болады.

Атап айтқанда, жолақының өсуі есебінен №003, 3, 115, 126, 1, 1э, 2, 9, 18, 27 бағыттарда қатынайтын автобустарды жаңарту жоспарланып отыр. Соңғы бір жыл аралығында облыс орталығында үлкен санаттағы 110 үлкен автобус сатып алынып, жаңартылған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу