Жаңа жылдан бастап елімізде сұйылтылған газ бағасы қымбаттады. Мәселен Ақтөбедегі жанармай құю бекеттерінде 6 теңгеге өскен. Осылайша желтоқсанда литрі 49 теңгеге сатылса, қазір 55 теңгені құрады. Дегенмен бағаның өсетіні жыл аяғында белгілі болған дейді кәсіпкерлер. Әйтседе энергетика министрлігі қаңтарда 13 пайызға көтерілетінін әу баста-ақ жоспарлаған. Өз кезегінде ақтөбелік бизнесмендер жанармай бекеттеріндегі бағаны бірден өсірген. Сондай-ақ Ақтаудағы кәсіпкерлер де кезек күттірмей бағаны көтеріп отыр.
Бұрын 45 теңгеге сатылған автогаз қазір 52 теңгенің маңайында. Ал Батыс Қазақстан облысында жағдай тұрақты. Оралдағы жанармай құю бекеттерінде 68 теңгеден бастап сатылуда. Жергілікті билік болса газ мөлшері жеткілікті дейді. Әйтседе бұл баға аз уақытта көтерілуі мүмкін деген қауесет те жоқ емес.