Жаңа жылдан бастап жәрдемақылар өседі

811

Қаңтардың бірінен бастап түрлі жәрдемақының мөлшері де көбейеді. Бұл мемлекеттен берілетін қаражат көлемі "2023-2025-ші жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес өзгерді. Бұл мемлекеттен берілетін көмек пен айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын "Айлық есептік көрсеткіштің" өсуімен байланысты.

Жаңа жылдан бастап жәрдемақылар өседі Фото: SN.kz

Бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері өседі. Жөргек ақша бірінші, екінші және үшінші бала үшін 38 АЕК, яғни  131 100 теңге. Ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 217 350 теңге болмақ. Егер отбасыда егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, онда жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. 

Көпбалалы отбасылардың бұған дейін мемлекеттен алып келген ай сайынғы ақшасы да артпақ. 4 балаға төленетін қаражат көлемі 16 АЕК-тен сәл ғана асады. Бұл  55 304 теңге. 5 балаға 69 138 теңге. 6 балаға 82 973 теңге. 7 балаға 96 807 теңге. 8 балаға 110 400 теңге. Ал бала саны одан да көп отбасылардың әр перзенті үшін  13 800 теңге қосылмақ. Демек, 9 балаға 124 200, 16 балаға 220 800 теңге беріледі.

Мұнымен қоса "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелеріне үкімет ай сайын 22 080 теңге қарастырған. Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі ұзарады. Бұған дейін 1 жыл болса, келер жылдың басынан сәби 1,5 жасқа толғанша төленбек. Бұл 2022 жылы туған нәрестелерге де қатысты. Ай сайынғы көмек ақшаның мөлшері жұмыс істемейтін әйелдер үшін бірінші баласына 19 872 теңге. Екінші балаға 23 495, үшінші балаға 27 083 теңге. Төртінші және одан кейінгі балалар үшін 30 705 теңге болмақ. Ал декретке дейін жұмыс істеген аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы есептелмек.

Қаңтардың бірінен бастап мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күн көріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты 8,5 пайызға көбейетін болды. Ал, мұндай жандарды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді.

Бұл әлеуметтік жәрдемақының мөлшері мүгедектің тобына және себебіне, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңда белгіленген нормаларға сай өзгерді.

"Мысалы 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға былтырғы жылы 71787 теңге болса, биылғы бірінші қаңтар 2023 жылдан бастап 77889 теңгеге ұлғаяды. Яғни 6000 теңге қосылады", деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті ШҚО департаментінің бөлім басшысы Риза Ахметова. 

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5 пайызға артты. Мәселен жанұядағы еңбекке жарамсыз бір адам үшін 34 888 теңге беріледі. Бұл қаражат жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған адамдардың санына қарай арта түспек.

Жанболат Санияз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу