Марқұмның аты-жөні – Дмитрий Рябцев. Ол әйелі, екі баласымен бірге шаруа қожалығында жұмыс істеген. Жұмыс орны қолайсыз болғандықтан ол жерден қашып кетіп, аудан орталығындағы хостелде түнемек болған.
Сәкен Оспанов сол жерге барып, жанжал шығарған. Әзірге ұрыс неден туындағаны белгісіз. Алайда бұрынғы әкім Дмитрий Рябцевті отбасының көзінше ұрып тастаған.
Ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша Ұлытау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады және тергеу жүргізіп жатыр. Полиция қылмыс жасады деген күдікпен 65 жастағы жергілікті тұрғынды қамауға алды, – деп хабарлады Ұлытау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алайда, күдікті қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында жатпағаны белгілі болды. Ұлытау облысының ПД түсіндіргендей, экс-әкімнің өзі медициналық көмекке мұқтаж болған екен.
– 29 қарашада инфаркт пен күдіктінің денсаулығының нашарлауына байланысты прокуратураның келісімі бойынша бұлтартпау шарасы өзгертілді және ол дәрігерлердің бақылауымен медициналық мекемеге ауыстырылды, – деп түсіндірді Полиция департаменті.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қылмыстық істі тергеу аяқталғанын және қазіргі уақытта істі сотқа жолдау үшін тараптарды қылмыстық іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатқанын хабарлады.