Жаңаарқадағы жұт: Барлық облыс жем-шөп дайын деп есеп берген

3211

Жайылымда қырылған 360 жылқы есепке алынды. 

Жаңаарқадағы жұт: Барлық облыс жем-шөп дайын деп есеп берген Фото: Instagram: Dinarasatzhan

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысындағы жұтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сөзінше, министрлік бұл мәселемен жіті айналысып жатыр.

"Қолайсыз ауа райының салдарынан жылқы малы қырылған. Біріншіден, күзде жем-шөп дайындау бойынша жұмыстарды жүргізген кезде барлық облыс 100 пайыз дайынбыз деп хабарлады. Оған жергілікті жерлерде аудан және ауылдық округ әкімдері белгілі бір деңгейде жауапты. Бұдан бөлек Ұлытау облысына жем-шөпке 1 млрд 400 млн теңге субсидия бөлінген болатын. Ешкім де ондаған жылқы малы қырылды деп отырған жоқ. Қазіргі таңда жұттан қырылған 360 жылқы басы есепке алынды", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Министр жауапкершілік әкімдіктерде ғана емес, жылқы иелерінің өзінде де болу керегін баса айтты.

"Олар жем-шөпті әзірлеуге жауапты. Егер де оған байланысты қандай да бір мәселелері бар болса, ауылдық, аудандық әкімдіктерге жүгінулері қажет еді. Жергілікті жерде шешім қабылдануы тиіс еді. Барлығы да жем-шөп дайын деп есеп берді. Егер де облыста бұл мәселелер шешілмей жатса, көршілес облыстардан жем-шөп жеткізілетін еді. Бүгінде 360 жылқы басының қырылғаны анықталды. Біз олардың иелерін таба алмай жатырмыз. Бізде арнайы база бар. Мұнда жұттан зардап шеккен жылқылар есепте тұрған жоқ. Яғни бұл қаңғыбас мал деген сөз. Ешкім қарамаған. Ең болмағанда бақташылар қарауы тиіс еді. Мұнда мал иелеріне де сұрақ бар. Жауапкершілік болу керек", - деді Айдарбек Сапаров.

Айта кету керек, осыған дейін Ұлытау облысында жылқы малы жаппай қырылып жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу