"Жанабыловтар ісі": Блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгерлік етті

Астана қаласында блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда.  

"Жанабыловтар ісі": Блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгерлік етті Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Бүгінгі сот тыңдалымына куә ретінде Алматыдан арнайы келіп, блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Дархан Жолшыбековтің айтуынша, ол Жанабыловтар отбасымен 5 жылдан аса уақыттан бері таныс. Ерлі-зайыпты блогерлер Жолшыбековтен ұтыс ойындары жөнінде ақпарат та  сұраған. 

– 2025 жылдың көктемінде осындай әңгіме болды. Ол интернеттен менің лотерея өткізуге байланысты сот дауларына қатысқанымды көріп, қандай жаза алғанымды сұрады. Мен оған әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымды хабарладым, – деді Дархан Жолшыбеков.

Бұдан соң блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова куәгерге осыған дейін араларында жеке реніш немесе теріс көзқарас бар-жоғын сұрады. 

– Нақты айта алмаймын. Болды ма, болмады ма, білмеймін, – деп жауап қатты блогер.

Сот процесінде куәгер ретінде Нұрбек Нұртазаға да сөз кезегі тиді.

Бұған дейін Нұрбек Нұртаза жазылушыларына сатқан курстарда және Жанабыловтар ұсынған білім курстарында да спикер Әсет Ақбар болғаны айтылған-ды. Сол себепті, Эльмира Төлегенова курстардың бір-бірімен мазмұны жағынан ұқсастық бар-жоғын білгісі келген. 

– Мен сіздердің оқу курстарыңызды көрген жоқпын. Таныспағандықтан, ешқандай пайыздық баға бере алмаймын. Мен тек сарапшы Әсет Акбардың сөзіне сүйендім. Менің ойымша, кез келген Қытаймен бизнеске қатысты оқыту курстары негізінен ұқсас болады, – деді ол. 

Қос куәгер де бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшаларында онлайн ұтыс ойындарын ұйымдастырған. Тергеу барысында олардың бұл ісі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу