2021 жылы басталған білім ордасының құрылысы созылып кетті. Көрші шағын ауданда орналасқан мектеп лық толы. Мұнда іліге алмаған көптеген шәкірт қаланың бірнеше мектебіне тарыдай шашырап кетті.
"Юбилейный" шағын ауданында 47, "Берекеде" 40 көп қабатты баспананың бой көтеретінін жергілікті билік осыдан 5 жыл бұрын жариялады. Соның жартысынан астамына тұрғындар қоныстанып болған. Ал, мектеп әлі біреу ғана. Нағима Көшжанова ауылдағы білім ордасын жабылған соң, былтыр 3 немересімен қалаға көшіпті. Балаларды үйінің жанындағы мектепке орналастыра алмай, алысқа қатынап қиналған.
Қос шағын аудандағы жалғыз "Абай" атындағы мектепте биыл 6 бірінші сынып жасақталған. Сыймағандарын қаладағы 5 білім ордасына бөліп жіберіпті.
"Абай мектебінде бала саны өте көп. 1200 оқушыға шақталған білім ордасында 2000-ға жуық бала бар. Бұл мәселе "Береке" шағын ауданында 980 орынға шақталған жаңа мектеп ашылғанда ғана шешіледі", - деді Қалалық білім бөлімінің сектор жетекшісі Ұмсын Бектұрғанова.
"Берекедегі" мектептің қазығы 2021 жылы қағылды. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында аяқталып, 1 қыркүйекте шағын ауданның тарыдай шашылған балаларын жинауы тиіс еді. Алайда, құрылыс материалдары қымбаттап, мердігер жұмысты орта жолдан тоқтатқан.
Сонымен 3 млрд бөлінген мектептің құрылысын 4 айда аяқтаймыз дейді басшылар. Бұл шағын аудандарда бала-бақша атымен жоқ. Биылғы санақ бойынша 1400 мектеп жасына дейінгі бүлдіршін бар.