Өңірлер бойынша алсақ, жаңа салынған тұрғын үй нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе қаласында – 32,5%-ға, Нұр-Сұлтанда – 27,6%-ға, Қостанайда – 26,3%-ға қымбаттады.
Ал қолданыстағы баспана саудасында баға өсімі бойынша көшбасшылар – Қызылорда қаласы (48,4%), Нұр-Сұлтан қаласы (40,8%), Өскемен қаласы (39,9%), Талдықорған қаласы (36,5%).
Тұрғын үйді жалға беру нарығы бойынша Алматы қаласында баға бәрінен қымбат – 62,5%.
Сонымен қатар бір айдың ішінде (тамыз-шілде) пәтерлерді қайта сату бағасы 0,4%-ға өсті, ал жаңа тұрғын үйді сату 0,1%-ға төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі шілдемен салыстырғанда тамызда 12,4%-ға жоғарылады.
"ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату операцияларын жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады", – делінген Бюро хабарламасында.