Осыған дейін тек "Сыр Маржанын" өсіріп келген Жалағаш ауданы енді дәмі тіл үйірер бақша өнімдерімен де танылмақ. Аядай ғана Жаңадария ауылындағы "Магро" фермерлік қожалығының қауыны Ресей нарығына жол тартты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қыметі.
Жаңадария ауылындағы "Магро" фермерлік қожалығының логотипі көрсетілген мынадай қорапшадағы дәмі тіл үйірер қауындар енді Мәскеудегі ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылатын болады. Бұл Мырзашөл тұқымдасына жататын Жиенбай қауыны ешқандай химиялық қоспаларсыз күтіп бапталған. Ауылдың теріскейіндегі Атжайған алқабын осыған дейін тек мал жайылым ретінде пайдаланғандықтан шөбі шүйгін, жері құнарлы. Сондықтан табиғи таза өнімге Ресей нарығында сұраныс жоғары дейді шаруа.
Жалпы фермерлік қожалық былтырдан бері үш жүз гектар жер алып, тыңайған жердің түгін тартуға кіріскен. Қазіргі таңда мұнда жетпіс гектар жер аршылып, бақша өнімдері орналастырылды. Қауын, қарбыз, картоптың өнімділігі жаман емес. Шаруалар келер жылы жүз гектар жерді игереміз деп жоспарлап отыр. Ал оған мемлекет тарапынан гектарына он бес мың теңгеден субсидия берілмек.
Ала жаздай егіннің бабын тауып, маңдайы күнге күйген диқандардың көбі ауыл азаматтары.
Осылайша үлкен жүк көлігіне тиелген жиырма тонна Жаңадарияның қауыны көрші елге жөнетілді. Шаруалар науқан аяқталғанша үш жүз тоннаға дейін өнім жібереміз деп жоспарлап отыр.