Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін кеңейту, импорттық тауарларды азайту, ауданда кенжелеп қалған шаруашылықтарды ілгерілету, ауылшаруашылық саласында заманауи техниканың үлесін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Заманауи техникасыз, технологиясыз жоғары өнім жинау мүмкін емес. Керек десеңіз, күн шығыс елі ауылшаруашылық саласына робот технологияны енгізе бастады. Біз мұндай бастамаға көшпесек те, өнімділікті арттыратын техникаға қол жеткізу қажет-ақ. Бұл – уақыт күттірмейтін жұмыс. Осы бағытта аудан әкімі тындырымды тірліктер атқаруда. Жаңақорған ауданы облыста алғашқы болып 255 млн теңгеге ауылшаруашылық техникаларын алып, егін шаруашылығының дамуына жағдай жасайды", – дейді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.