Жаңақорғанның емдік батпағын "аулап" жатқан кімдер?

Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде белгісіз адамдардың көлден батпақ жинап жатқан фотосы тарады. 

Жаңақорғанның емдік батпағын "аулап" жатқан кімдер? Фото: әлеуметтік желіден

Сол-ақ екен, елге танымал шипажайдың төл өнімін "қолды етіп жатыр" деген түсінік қалыптасты. 

Білетіндер Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы "Теріскен" көлінен белгілі бір уақытта емдік қара балшық шығарылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

– Бұрын әжеміз осы балшық құрттайды деп, үш күн даладағы балшыққа түсетін. Оның өз уақыты да болатын. Сол кезде емдік қасиетін біледі, сезеді екен ғой. Бүгінгі күні нақты ғылыми түрде бекітілген медициналық тұрғыда ем екеніне көз жеткізіп отырмыз, - дейді Серік есімді әлеуметтік желі қолданушысы. 

"Жаңақорған шипажайы" АҚ-ның ресми парақшасы көлден балшық жинау процесіне белгісіз адамдардың қатысы жоқ екенін, емдік мақсаттағы іске өздері кіріскенін хабарлаған.

– Шипажай жанында орналасқан қасиетті "Теріскен" көлінен емдік қара балшық шығарылып жатыр. 

Қара балшықтың ең негізгі қасиеті – тұздылығында. Нақты айтқанда, оның құрамында химиялық, биологиялық белсенді заттар мен табиғи бактериялар, фоллин деген емдік қуаты жоғары заттар бар.

Дәл осы кезде көлдің қара балшығында аталған табиғи заттардың емдік қасиеті артып, ем алушылардың сырқатына оң әсерін тигізеді, - дейді ресми парақша. 

Яғни, бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келетін емделушілерге дайындық процесі.

Қызметкерлер "артемия" атты қызыл түсті бактериялардың қызметі мен балшықтың биологиялық белсендігіне де тоқталды. 

– Қарапайым сөзбен айтсақ, көлдің үстіңгі қабатындағы тұзды су, ал астында тұзды балшық өз бабында болады, яғни, тұзды су мен балшықтың байлану процесі жүреді. Нәтижесінде көлдің бетіне "артемия" деп аталатын қызыл түсті бактериялар шыға бастайды. Осы бактериялар тұзды балшықтың биологиялық белсенділігін күшейтіп, емдік қасиетін арттырады, - хабарлады шипажай қызметкерлері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу