"Жақсылық жаршысы" республикалық акциясы іске қосылды

2614

Құрылысшылар ауруханаларды 32 оттегі концентратымен қамтамасыз етті  

"Жақсылық жаршысы" республикалық акциясы іске қосылды

Ел басына зауал түскен қиын сәтте кең жүректі жомарт жандар халқына қол ұшын созып, жан-жақты көмектерін көрсетуде. Әр өңірде белді кәсіпкерлер ауруханаларда тапшы медициналық құрал-жабдықтарды алып беріп, дертіне шипа іздеген қаншама жанның үміт отын қайта жағуда.

"Белгілі кәсіпкерлер дәрі-дәрмекпен де, оттегі құралдары мен азық-түлікпен де көмек көрсетуде. Қоғам белсенділері, ерікті жастар қол көмектерімен жәрдем беруде. Енді осы жұмыстарымызды бір арнаға тоғыстыруымыздың қажеттілігі туындап отыр. Әлі де көмек көрсеткісі келіп, бірақ қолында бар қаржысын қайда аударарын білмей жүрген азаматтар бар. Сол үшін Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелері арнайы есепшот ашып, қаржы жинауды қолға алды. Аталмыш қаржыға ауруханаларға қажетті құрал-жабдықтарды алып беретін боламыз",–деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Ділмұхамед Абизов.

Түскен қаржыға қатысты тұрақты есеп беріп отыру үшін "Арна-Арқан" қоғамдық қорының төрайымы Абуова Мария, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Байназарова Райкүл, Өңірлік кеңестің мүшелері Абизов Ділмұхамед пен Нұрхожаев Болат жауапты болып бекітілген. Қорға түскен қаражат пен оның мақсатқа сай игерілуі туралы есеп әлеуметтік желілерде БАҚ құралдарында есеп берілетін болады.

Сындарлы сәттерде Сыр перзенттері бірлесіп ауыртпалықты еңсеріп жатыр. Олардың қатарында құрылысшылар да бар. Аймақтағы 16 құрылыс компаниясының өкілдері 16 млн теңгеден астам қаржыға 32 оттегі концентраты алынатынын айтты.

Жуырда Түркия елінен облысқа 10 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) жеткізілді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тасбөгет кентінде орналасқан облыстық фтизиопульмонология орталығына 3 ИВЛ аппаратын табыстады. Қалған жетеуі өңірдегі өзге ауруханаларға берілетін болды.

 "Еріктілер мен кәсіпкерлер ауруханаларға оттегі балондарын, редукторлар, ылғалдандырғыш құралдарын алып беріп жатыр. Сондай-ақ, қайырымды азаматтар 2000 оттегі балондарын толтырып берді. Одан өзге мейрамхана иелері "Рахмет, дәрігер" қорын ұйымдастырып, медицина қызметкерлерін тегін аспен қамтамасыз етуде. Дәрігер де өзіміз сияқты адам. Қоғамның мейіріміне, қолдауына тап қазір ерекше зәру", – дейді қоғам белсендісі кәсіпкер София Абдуразакова.

Қайырымдылық шараларына атсалысып жүрген кәсіпкерлер аттары аталғанын қаламайды екен. Дегенмен, кейбір кәсіп иелерін атап өткеніміз жөн, дейді белсенді. Мәселен, "Урология және андрология орталығы" 400 мың теңге қаржы аударған. Ол қаржыға оттегі конценраторы алынған. Сондай-ақ, аты аталғанын қаламаған меценаттар 3 оттегі аппаратын алып берген. Мұнан өзге, қаржысын ұсынған азаматтардың арқасында тағы да 3 оттегі аппараты алынған. Сонымен барлығы 12 оттегі аппараты медұйымдарға табысталған.

"Су шығаратын кәсіпкерлер де 3 провизорлық стационарды ауыз сумен тегін қамтамасыз етуде", – дейді С.Абдуразакова.

Кәсіпкерлер қаладан бөлек ауылдық елдімекендердегі емханаларды да тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде.

"Қазір қоғамдық өмірдің қай саласына болса да жеңіл болып тұрған жоқ. Бизнес өкілдері шаш-етектен шығынға батқанына қарамастан тұрғындарға көмек қолын созып жатыр. "Абай-Дәулет" ЖШС, "Абзал және К" ТС, "Ақтөбе және К" ЖШС, "Шыңғыс ЛТД" ЖШС, "КВАНТ" ЖШС және өзге де аттары аталмаған әріптестеріміз тегін дәрі-дәрмекпен, қажетті оттегі құралдарымен, оны таситын көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. "Қызылорда", "Бәйтерек" қонақүйлерінде медицина қызметкерлері тегін жатын орын мен тамақпен қамтамасыз етілуде. Бір ғана "Абзал және К" ТС-і өкпені жасанды желдету аппаратының (ИВЛ) 5-еуіне тапсырыс бергеніне разы болып отырмыз", – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Айта кетер жайт, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, қаражат, дәрі-дәрмек, қажетті жабдықтар алу мақсатында "Жақсылық жаршысы" республикалық акциясын іске қосты. Акцияның негізгі міндеті мұқтаж жандар, медициналық мекемелер, сондай-ақ көмектескісі келетін азаматтар арасындағы байланыстырушы көпір болу. Көмек беру үшін atamekenim.kz сайтына өту керек.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу