Маңғыстау облысында тұратын 23 жасар сценарист Ақиқат Шарапатдинов қысқа метражды фильмдердің сценариі арасында жарияланған байқауда топ жарып шығып, "New York Films Academy" ұйымының тегін грантын жеңіп алған.
Байқауға әлем елдерінен барлығы 150-дей адам қатысады. Ақиқат өзінің жеңімпаздар қатарында екенін сайттан қарап біліп, таң қалған. Алайда, туған-туыстары мен дос-жарандарының үгіттегеніне қарамастан, мұхиттың арғы жағына барып оқып келуден бас тартыпты.
Айта кетейік, Ақиқат Шарапатдиновтің бірқатар еңбегі қазірдің өзінде танымал. Бұған дейін ол "A Group Entertainment" ұжымымен бірге полицейлерге алғыс білдірген видеоролик түсіріп, ол көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Қазір көпшілікке "Қараша" деген туынды ұсынып отыр.
"Шығармашылық адамы үшін оның қайда оқығаны емес, тәжірибе маңызды. Менің қазіргі мақсатым – өзімнің туып-қскен жерімнің имиджін көтеретін туындылар түсіру. Көбісі Жаңаөзенді тек тұрғындары үнемі көтеріліске шығатын жер ретінде таниды. Маған бұл ұнамайды. Осы түсінікті өзгертсем деймін. Сол үшін бірқатар жобалар қолға алып отырмын, оларды жарты жолдан тастап кеткім келмейді", – деп түсіндіреді өз шешімін Ақиқат.
Ол жобалары түсіріліп, халық назарына ұсынылып жатса, жергіліткі туризмнің дамуына септігін тигізеді деген сенімде.
Құралай Қуатова