Жаңаөзенде арнайы жасақ құбыр ұрлаған қылмыстық топты ұстады

111

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.    

Жаңаөзенде арнайы жасақ құбыр ұрлаған қылмыстық топты ұстады Фото: lada.kz

Жаңаөзенде қара металл ұрлады деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 17 ақпанда полицияға №1 мұнай-газ өндіру басқармасының аумағынан диаметрі 720 мм-лік бұрын пайдаланылған өндірістік құбырлар шығарылып, қара металл қабылдау пунктіне тапсырылғандығы туралы жедел ақпарат келіп түсті.

"19 ақпан күні Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері жедел әрекет ету арнайы бөлімшесімен бірлесіп заңсыз әрекеттің жолын кесті. Тергеу мәліметінше, күдіктілер квазимемлекеттік сектор субъектісіне тиесілі диаметрі 720 мм өнеркәсіптік құбырларды жымқыру үшін жалған құжаттарды пайдаланып, кейін оларды металл қабылдау пункттеріне тапсырған", – делінген хабарламада.

Металл қабылдау пункттерінің бірін тексеру барысында 24 құбыр анықталды. Тәркіленген мүлік заңды иесіне тапсырылды.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу