Жаңаөзенде автогаз мәселесі шешімін тауып жатыр

1048

Әкімдік "митинг болғанын" жоққа шығарады. 

Жаңаөзенде автогаз мәселесі шешімін тауып жатыр

Жаңаөзенде бүгін жиырмаға жуық жерде газды бөлшек саудада сата бастайды. Қала басшылығы онда көлік отыны ретінде пайдаланылатын сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты митинг өткені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр,  – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін кеше Жаңаөзен қаласында қалалық әкімдік жанында газдың қымбаттауына байланысты митинг өткізгені жөнінде ақпарат тараған болатын. Онда тұрғындардың ТМД-дағы бөлшек сауда нарығындағы бағаны бірыңғай етуді талап еткені айтылған еді.

"Бұл – облыс бойынша назарда ұсталып отырған мәселе. Жақында ғана облыс әкімдігінде осыған байланысты үлкен жиналыс өтті. Сөйтіп, қаламызға 113 тонна өнім жеткізілді. Бүгін 17-18 жерде газ құю станциясы жұмыс істейді. Онымен 9 кәсіпкер айналыспақ. Жағдайды бақылап, назарда ұстап отырмыз", – дейді қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов. 

Оның айтуынша, көпшілік жиналып, митинг өткізді деуге еш негіз жоқ. Себебі, шын мәнісінде, автогаз бағасының қымбаттауына байланысты санаулы, атап айтқанда, төрт адам келген. Қалғандары әкімдікке басқа мәселелермен келіп тұр екен, соның ішінде, жұмыс жөнінде сөйлесуге келгендер болған. 

"Сол жиналған адамдардың бәрі, қалай екенін білмеймін, "митингке" қатысқан болып кетіпті. Қазір осындай "мода" болды ғой", – деп реніш білдіреді Ғалым Ұлықпанұлы. 

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов Фейсбук парақшасында облыстағы көлікке қажетті газ отыны бағасының өсу ықтималдығы жөнінде жазған болатын. Қазіргі күні Маңғыстау облысында 130 мыңнан астам автокөлік бар, оның 93 мыңы автогазбен жүреді. Олар жалпы көліктің 70 пайызын құрайды және бұл сан жыл санап өсіп келеді. Автогаз тапшылығы, әсіресе, басқа жақтан машинамен туристер көп келетін жаз айларында қатты сезіледі. 

"Біздің өңір үшін сұйытылған мұнай газына ай сайынғы қажеттілік шамамен 19 мың тоннаны құрайды. Жылына шаққанда барлығы 228 мың тоннадан асады. Ал, бір күнге 600 тоннадан сәл артық. Бір тоннада орта есеппен 1750 литр бар деп есептесек, барлық көліктерді қамтамасыз ету үшін тәулігіне 1 миллионнан астам литр қажет", –деп жазады облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, облыстағы газ тапшылығы айына 4-4,5 мың тоннаны құрайды, ол көршілес Атырау және Ақтөбе өңірлерден отын әкелу есебінен жабылады. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу