Жаңаөзенде газ өңдеу зауытынан өрт шықты

1690

Оқыс оқиғадан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Жаңаөзенде газ өңдеу зауытынан өрт шықты

Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"16 маусымда сағат 23:15-те (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) 
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС компрессорлық цехының ауа тоңазытқышы өртенді. Өрттің таралуын және қайта тұтануын болдырмау үшін газ беру толық тоқтатылды", - деп жазылған "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өрт түнгі сағат 23:52-де сөндірілген. Оқыс оқидан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өртті сөндіруге "ҚазГӨЗ", "Өзенмұнайгаз" АҚ және облыстық ТЖД 5 өрт сөндіру тобы жұмылдырылған.

Жаңаөзен мен жақын маңдағы елдімекендер тұрғындары, зауыт қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. 

Өрт салдарын жою жүргізіліп жатыр, оның шығу себебі анықталуда.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың басшылығымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына тиісті құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері енді.

"Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС директоры Нақберген Төлепов кәсіпорындағы өртке қатысты түсінік берді.

"Кеше сағат 22.15-те (жергілікті уақыт бойынша) компрессорлық цехте ауа тоңазытқышы тұтанып, өрт шықты. Біз өртті сөндіру үшін дереу шаралар қабылдадық. Газ қабылдау және зауыт толық жұмысын тоқтатты. Өртті сөндіруге жеке өрт сөндіру тобы мен ТЖД күштері жұмылдырылды. Сағат 22.52-де өрт толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", – деді директор.

Оның айтуынша, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосуға кіріскен. Бүгінде зауыт шамамен 30% жүктемемен жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істеу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Нақберген Төлепов өрт салдарынан зауыттағы ауа тоңазытқышының көтергіш конструкциясына ғана зақым келгенін атап өтті. Негізгі жабдық бүлінбеген.

Сонымен қатар ол оқыс оқиға кезінде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Компания директоры алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

"Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісі арқылы салқындату үшін қолданылады. Онда қандай да бір химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондықтан жұмысшылар мен тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оны сенімді түрде айта аламын", - басшы.

Нақберген Төлепов жақын арада зауыттың жұмысы толық қалпына келетінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу