Жаңаөзенде параволейболдан республикалық чемпионат өтті

533

Жарысқа Қазақстанның алты өңірінен 30-дан астам қатысушы мен төрт команда жиналды.

Жаңаөзенде параволейболдан республикалық чемпионат өтті Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңаөзендегі Рахмет Өтесінов атындағы спорт кешенінде параволейболдан республикалық турнир өтті. Жарысқа Қазақстанның алты өңірінен 30-дан астам қатысушы мен төрт команда жиналды, бұл оның республикалық дәрежесін көрсетеді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Пароволейбол бойынша спорттық іс-шара Жаңаөзен қаласының 55 жылдығы, Маңғыстау облыстық мәслихатының 30 жылдығы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "Алға" спорт клубының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Біріктірілген турнирге 32 ойыншы мен төрт команда қатысты. Олар Жаңаөзен қаласынан "Өзенмұнайгаз", Ақтау қаласынан Маңғыстау әкімдігінің командасы, "KazPetroDrilling” бас демеуші командасы және "Жұлдыздар" командасы.

Командада тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар да, отырған қалыпта ойнаған адамдар да болғанын атап өткен жөн. Бұл ерекше ойында әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдар бірге бәсекеге түсіп, өздерінің спорттық қабілеттерін көрсетті. Жарысқа Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының пароспортшылары қатысты.

Турнирдің финалында Маңғыстау облысы әкімдігінің командасы мен Жаңаөзен қаласының "Өзенмұнайгаз" командасы кездесті. Үш ойынның қорытындысы бойынша Жаңаөзен командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Үшінші орынды "Жұлдыздар" және "KazPetroDrilling" командалары өзара бөлісті.

Маңғыстау облысында тоғыз спорт түрімен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі 845 спортшы бар. Олар физикалық өзгешеліктеріне қарамастан спортпен шұғылданып жүрген, рухы биік жандар. 

Сонымен қатар, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бір спорт клубы жұмыс істейді және оған 591 адам қатысады.

Жаңаөзенде 1993 жылы құрылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "Алға" клубы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Құралбек Сейдовтың төрағалығымен жұмыс істейтін клубта жеті үйірме жұмыс істейді, онда 60 адам спортпен белсенді түрде айналысады.

Айта кетейік, Маңғыстаудан мүмкіндігі шектеулі үш спортшы Қытайдағы Паралимпиада ойындарында Қазақстанның атынан қатысады. Мейірбек Өтепов-үстел теннисі бойынша, Ерболат Алтаев-параволейболдан және Ғани Есентеміров - парапауэрлифтингтен. 

Сонымен қатар, биыл Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің волейболшылар Париждегі 2024 жылғы XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Қазақстандық құрамаға үш маңғыстаулық кіреді. Олар Ерболат Алтаев пен Бауыржан Оразғалиев және олардың жаттықтырушысы Құралбек Сейдов.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев спортшыларды құттықтап, алдағы Олимпиадаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ "Алға" клубына аймақтағы параспортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.

- Параолимпиадалық спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, бәрімізге үлгі бола білді. Спортпен шұғылдану үлкен ерік-жігерді, шыдамдылық пен табандылықты қажет етеді. Параолимпиадашылардың спортқа деген адалдығы біздің еліміздің атын бүкіл әлемге танымал ететініне сенімдіміз. Бұл ең алдымен спортшылардың, олардың жаттықтырушыларының және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клубтардың еңбегі. Біз Маңғыстауда салауатты өмір салтын насихаттау және дені сау ұлт құру мақсатында, жаңа спорт ғимараттарын салу және спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Іс-шара "Алға" клубының 30 жылдығына арналған мерекелік концертпен аяқталды, онда жергілікті әртістер өнер көрсетті. Өңірде параспорттың дамуына елеулі үлес қосқан жандар марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу