Жаңаөзен қаласында акция жасап, шоколадтарды арзанға өткізіп жібермек болған супермаркетке қатысты дау шықты. Тұрғындар тәтті өнімдердің жарамдылық мерзімі бірнеше ай бұрын өтіп кеткенін әшкереледі, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Дана" супермаркеті тосын акция жариялайды. Оның шарты бойынша, 5000 теңгеге сауда жасаған адам байқауға қатысып, тұрмыстық техника ұтып ала алады. Тек сол соманың ішінде міндетті түрде 715 теңгеге үш шоколад сатып алу керек. Шараға белсене қатысқан тұрғындардың кейбірі шоколадтардың сырты скотчпен жабыстырылып тұрғанына назар аударады. Сөйтсе, оның астында өнімнің жарамдылық мерзімі көрсетілген күн жасырылған екен. Ал бұл мерзім әлдеқашан өтіп кеткен.
"Біз бұл тәттілерді алдымен балаға береміз. Сонда сауда орны басшылығының, қызметкерлерінің сәбилер уланып қалады деп қорықпағаны ма?", - деп реніш білдірген ата-аналар әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін супермаркетке қатысты тексеру басталған.
Қала тұрғындарының айтуынша, "Данада" бұған дейін де мерзімі өтіп кеткен азық-түлік тауарлары сатылып келген.
"Кәсіпкерлік нысандарына жарияланған мараторий талабы бойынша "Дана" супермаркетінің ашылғанына үш жыл болмағандығы себепті біздің тексеру жоспарымызға енгізілмеген болатын. Біз қазір оның иесімен, яғни жеке кәсіпкермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік",– дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Әлима Жаңбырбаева.
Құралай Қуатова