Жарылыс кезінде зардап шеккен 23 жастағы әйел денесі күйіп, омыртқасы сынған. Ол апат кезінде жүктіліктің 17-18 аптасында болған еді. Шарананы мезгілінен бұрын алып тастауға тура келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жәбірленуші ең күрделі екі операциядан өткен. Қазіргі уақытта оның жағдайы өте ауыр.
"Науқас Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінде жатыр. Оның жағдайы неврологиялық тапшылыққа байланысты тұрақты ауыр деңгейінде. Жұлынның толық зақымдануы болған. Әйел белінен төмен сал ауруына шалдыққан", - дейді облыстық аурухананың баспасөз қызметкерлері.
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуір күні таңертең Жаңаөзен қаласында екі қабатты үйде жарылыс болып, алты адам қайтыс болған еді.