Бүгінгі таңда 240 позицияның 122-сі дайын болды, тағы 118-і жасалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды.
Болашақ кәсіпорын үшін ұзақ уақыт жасалатын негізгі жабдықтар Қытай Халық Республикасындағы (ҚХР) өндірістік алаңдарда әзірленіп жатыр.
Жаңаөзендегі зауыттың құрылысында модульдік әдіс қолданылады, бұл оны елдегі осыған ұқсас басқа кәсіпорындардан ерекшелендіреді. Басты технологиялық модульдер зауытта дайындалуда, кейін олар іргетасы құрылып, монтажы жүргізілетін құрылыс алаңына жеткізіледі. Бұл дайындық деңгейін арттырады және жұмыс көлемін азайтады.
Жалпы салмағы 30 мың тоннаға жуық 38 модуль әзірленеді деп жоспарлануда. Олардың ұзындығы 45 метрге, ені 9 метрге және биіктігі 11,5 метрге жетеді. Биылғы тамыз айында ҚХР-дағы теңіз портынан дайындалған жабдықтың алғашқы партиясы Қазақстанға жөнелтілді. Бұдан кейінгі жабдықтар мен технологиялық модульдер бекітілген кестеге сай жіберілетін болады.
Қазіргі кезде зауыттың өртке қарсы су қоры резервуарларына, сондай-ақ сұйытылған көмірсутек газын, жеңіл көмірсутек кең фракциясын және пентан-гексан фракциясын сақтау резервуарларына арналған іргетастарды орнату жұмыстары аяқталды. Құрылыс алаңына оларды орнату үшін материалдар 100%, яғни толығымен жеткізілді.
Ірі жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда және жылына 900 млн м³ дейін табиғи және ілеспе газды өңдей алатын заманауи өндірістік кешен құруды көздейді.