Жаңаөзендіктер апаттық үйлерде тұрып жатыр

379

Іргетасы 1967 жылы бой көтерген үйлердің қабырғасы қақырап тұр.   

Жаңаөзендіктер апаттық үйлерде тұрып жатыр                                                                                                                   Фото: Inbusiness.kz

Темір жол вокзалына жақын тұрған 9 апаттық үйдің әрқайсысында 16 отбасы тұрады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Едендері қирап, түрлі жәндіктің ордасына айналған. Кәріз құбырлары да шіріп, қолқаны қабады. Шатырларына да шағым көп.

"Бұған дейін әкімдікке арыз жазып, бірнеше рет көмек сұрасақ та ешкім хабарласпады", - дейді тұрғындар.

"Ешқандай келген комиссия жоқ. Үй апаттық жағдайда. Астында құбырлар жарылып, су кетіп тұр. Жазда иіс отырғызбайды. Шағатын жәндіктер көп.Үй қопарылып, опырылып жатыр. Ешқандай әкімдіктің адамдары келген емес. Қабырға қираған соң есіктеріміз ашылмай қалды. Қорқып, пәтер жалдап кеттік", - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айман Жарылғасова.

Тұрғындар биліктен адам шығыны болғанын күтпей басқа жерге көшіруді талап етеді. Өмірлері үшін алаңдаған біраз отбасы ағайынын жағаласа, кейбірі пәтер жалдап жүр.

Қазір Жаңаөзенде 40 көп қабатты үйге сараптама қорытындысы жасалған. Оның 26-сына күрделі жөндеу қажет болса, 14-і тіпті сүрілуі тиіс.

"Мәслихат шешімімен реновация бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама күрделі жөндеуді қажет ететін үйге инвестор тарту арқылы жаңа үй салу. Тұрған қабатын, шаршы метрін сақтай отырып дәл сондай үй салатын боламыз. Ол жұмысты наурыз айында бастаймыз", - деп сендірді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Сәми.

Құрылыс жұмыстарын қолға алғысы келетін мердігерлер де бар. Бір қиыны - апаттық үй жалғыз баспанасы болған соң, құрылыс біткенше паналайтын жер сұрағандар жетерлік. Енді билік жалдамалы пәтерлерді ұсынып көрмек ниетте.                                

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу